Глоссарий
Актуарий - уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген актуарийлерді оқытудың ең төмен міндетті бағдарламасы бойынша емтихан тапсырған жеке тұлға.
Аджастер - функциясына сақтандыру төлемі бойынша өтінішті қарау және сақтандыру жағдайынан болған залалды бағалау кіретін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметкері.
Андеррайтер - функциясына сақтандыруға қабылданатын сақтандыру тәуекелдерін бағалау және сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарының талаптарын айқындау кіретін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметкері.
Сатып алу сомасы - жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылу мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде сақтанушының алуына құқығы бар ақша сомасы.
Сақтандырылған адам - өзіне қатысты сақтандыру жүзеге асырылатын тұлға. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтанушы бiр мезгiлде сақтандырылған адам болып табылады.
Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға - өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін немесе жұмыс берушінің не қабылдаушы тараптың тапсырмаларын орындауы кезінде жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің өндірістік жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан олардың еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айырылуына не қайтыс болуына әкеп соқтырған зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактордың жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне әсер етуі.
Қайта сақтандыру - өздерiнiң арасында жасалған қайта сақтандыру шартына сәйкес бiр жағынан қайта сақтанушының сақтандыру тәуекелдерiнiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн қайта сақтандыруға беруiне және екiншi жағынан осы тәуекелдердi қайта сақтандыру ұйымының қабылдауына байланысты туындайтын қызмет және соған байланысты қатынастар.
Сақтандыру агентi - сақтандыру агенттерінің тізіліміне енген және тапсырыс шарты негізінде бiр немесе бiрнеше сақтандыру ұйымдарының атынан және олардың тапсыруымен сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметтi жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.
Сақтандыру брокері - сақтанушының тапсырмасы бойынша сақтандырушымен сақтандыру шарттарын жасасуға және орындауға байланысты қатынастарда сақтанушының атынан өкілдік ететін немесе сақтанушының тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын және (немесе) қайта сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша қайта сақтандыру шарттарын жасасу бойынша өз атынан делдалдық қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға.
Сақтандыру төлемi - сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру жағдайы туған кезде не жинақтаушы сақтандыру шартында белгiленген мерзiм туған кезде сақтандыру сомасы шегiнде төлейтiн ақша сомасы. Аннуитеттік сақтандыру шарттары және сақтандыру шартында немесе Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарында мерзімдік төлемдер нысанында төлемдерді жүзеге асыру көзделген өмірді сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерін қоспағанда, сақтандыру төлемі біржолғы төлеммен жүзеге асырылады.
Сақтандыру ұйымы (сақтандырушы) - сақтандыру шарттарын жасасу және орындау қызметiн уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясы негiзiнде жүзеге асыратын заңды тұлға.
Сақтандыру резервтерi - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша актуарий есептеулерi негiзiнде бағаланатын мiндеттемелерi.
Сақтандыру сыйлықақысы - сақтанушының сақтандырушыға, соңғысы пайда алушыға қызметкердi жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде сақтандыру төлемiн жүргiзуге мiндеттемелер қабылдағаны үшiн төлеуге мiндеттi ақша сомасы.
Сақтандыру сомасы - сақтандыру объектiлерi сақтандырылған адам және сақтандыру жағдайы басталған кездегі сақтандырушы жауаптылығының шектi көлемiн бiлдiретiн ақша сомасы.
Сақтандыру омбудсманы - «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңына.
сәйкес сақтандыру нарығына қатысушылар арасындағы келіспеушіліктерді реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға.
Сақтандыру жағдайы - басталған кезде сақтандыру шартында сақтандыру төлемін жүзеге асыру көзделетін оқиға.